Аудан әкімі тұрғындарды қабылдады



Сайрам ауданы әкімі Ұласбек Сәдібековтың қатысуымен аппараттың лездемелік мәжілісі өтіп, күн тәртібінде жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, АӘК, МӘМС бойынша атқарылған жұмыстар қаралды.

Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Н.Сарыбеков «Мониторинг» бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің бүгінгі күнгі мәліметтерін баяндады. Баяндамашының айтуынша, Ақбұлақ, Арыс, Жібек Жолы, Қайнарбұлақ ауылдық округтері жұмыстың 80%-ын орындаған. Дегенмен, бұл көрсеткіш Ақсукент, Қарасу, Қарабұлақ ауыл округтері бойынша 50-56%-ды құраған. Аталған деректерге байланысты аудан әкімі Ұласбек Сәдібекұлы сын-ескертпелер айтып, жұмысты ширатуды және осы сала бойынша орынбасарларының қадағалауын тапсырды.

Бұл күнгі өзекті мәселелер қатарында ауыл шаруашылығы жерлерін электронды картаға енгізу, сондай-ақ, Манкент ауылындағы ауыз су мәселесі назарға алынды. Жиын барысында бірқатар қызметкерлерге айтылған кемшіліктерді түзеп, келесі лездемелік мәжіліске дейін оң нәтиже көрсетуге тапсырма берді.

Бұдан кейін аудан әкімі жеке қабылдауына жазылған тұрғындардың мәселесін тыңдады. Аудандық соқырлар қауымдастығы жеке бөлме сұраса, Ауған соғысының ардагерлері өткен жылы аталып өтпей қалған 30 жылдықты биыл ескеруді өтінді.
Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын мазалайтын ең өзекті мәселе ауыл көшелерін жарықтандыру, жер дауы. Айта кетейік, жерді өз бетінше иемденгендер қатары аз емес. Олардың қатарында 8-9 жыл бұрын құжатсыз үй салып алғандар да бар. Ал аудандағы қоқыс тазалау қызметі мүлде сын көтермейтінін айтқан тұрғындардың шағымына орай бұл бағыттағы жұмыстарды саралау үшін Ұ.Сәдібеков арнайы комиссия құрып, зерделеуге тапсырма берді.

 

Сайрам ауданы баспасөз қызметі


  


 

ЖАРИЯЛАНҒАН: 
14.01.2020-10:34:00