Жақын уақыттан бері кенші болып жұмыс істеймін.


Жақын уақыттан бері кенші болып жұмыс істеймін. Маған түсіндіргендей, жұмыс беруші ай сайын 10%міндетті зейнетақы жарналарымен қоса,  5% міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын өз есебінен аударуға тиіс екен. Салымдардың дер кезінде аударылғанын қалай қадағалуға болады? Жұмыс беруші салымдарды аудармай, уақытынан кешіктіріп жатса оған қандай шара қолданылады?

Әрине, зейнетақы шотының, міндетті және міндетті кәсіби зейнетақы жарналарының жай-күйін әркез тексеруге болады. Осыған орай, БЖЗҚ сізге барлық жағдайларды жасап отыр. Мысалы, БЖЗҚ-ның кез келген кеңсесіне баруыңызға болады. Онда шоттың жай-күйін біліп, сондай-ақ, ақпарат алу тәсілін таңдау туралы қосымша келісім жасауға болады: жылына бір рет әдеттегі пошта хаты арқылы немесе сіз таңдаған кезеңділікпен көрсетілген мекенжайға электрондық хат жіберу арқылы. Интернет арқылы ақпарат алу ең ыңғайлы болып табылады. Жеке кабинет арқылы немесе БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасы арқылы шотыңызды тексеруіңізге болады. Осы тәсілді пайдалану арқылы жеке шотыңызды кез келген ыңғайлы уақытта қадағалай аласыз. Егер сізде электрондық цифрлық қолтаңба болса, онда үзінді көшірмеңізді тексеріп, Қорға бармай-ақ ақпарат алу тәсілін таңдай аласыз.

Енді міндетті кәсіби зейнетақы жарналары(МКЗЖ) ұғымына түсініктеме бере кетейік. МКЗЖ жұмыс берушінің өз пайдасы есебінен жұмысшы пайдасына аударылатын 5% қосымша жарнасы болып табылады. Қосымша жарна аудару себебі, кеншілер қауіпті, денсаулыққа зиянды еңбек жағдайларында, өндірістік орындарда жұмыс істейтін мамандықтар тізіміне кіреді. Денсаулыққа зиянды, өмірге қауіпті ортада жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін қосымша зейнетақы жарналары аударылады.

Егер жұмыс беруші Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіпте және мерзімде арнаулы салық режимі қолданылатын шаруашылық субъектісі болмаса, табыстарды төлеу айынан кейінгі айдың 25-нен кешіктірілмей МКЗЖ төленіп отыруы тиіс. МКЗЖ уақытылы аударылуын салық органдары қадағалайды. Ал егер жұмыс беруші дер кезінде Сіздің зейнетақы шотыңызға қаражат аудармаса, салық органдары жұмыс берушіден әрбіркешіктірілген күн үшін есептелген сыйақы сомасымен бірге БЖЗҚ-ғы шотыңызға ай сайынғы салымды аудартады.


 

ЖАРИЯЛАНҒАН: 
30.07.2019-10:34:00